СМИ о нас

Бұл адамдар қазір «Теңіз» кен орнын кеңейту жобасында еңбек етіп жүр

Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, мұнай бағасының құлдырауы ең алдымен мұнай қазатын кәсіпорындарға қызмет (сервис - авт.) көрсетіп отырған компаниялардың жағдайын қиындатады.

Оның айтуынша, қиын жағдайлардың алдын алу үшін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған Үкімет мүшелері Қазақстанның мұнайлы өңілерінде кәсіпкерлермен кездесу өткізген. Сол кездесулерде ең негізгі мәселе ретінде әр жұмыс орнын сақтап қалу туралы сөз болған.
 
Айта кетейік, қазір Қазақстанда мұнай-газ өндірісіне қызмет көрсету саласында 2 мыңнан аса кәсіпорын бар. Осы салада шамамен, 200 мыңға жуық қазақстандық еңбек етіп жүр.

«Мұнай бағасы төмендеген сайын мұнай өндіруші компаниялар шығынды үнемдеу бағытында іс-шаралар атқарады. Бұл жағдайда ең ауыр соққы мұнайға қызмет көрсету саласына тиетіні айдан анық. Обьективті түрде қарасақ, жұмыс орнын қысқарту және қаржылай үндемдеу өндіруші компаниялар мен бас мердігерлерде болмайды. Ол тікелей қызмет көрсету компанияларында болады. Мысалы, қазір ТШО компаниясының «Болашақ даму» жобасына қатысып жатқан және жақын арада өз жұмысын аяқтайтын қазақстандық компаниялардың 5000-ға жуық жұмысшысының жазда жұмыссыз қалу қаупі бар. Оларды біз қайда жібереміз?», - деген ол бұл сұрақты жауапсыз қалдырды.
Дегенмен, одақ «әр жұмыс орнын жоғалтпау жолында нақты іс-шараларды жүзеге асыру қажет» екенін мәлім етті. «Біріншіден, осы уақытқа дейін қол қойылған келісімшарттардың қаржылай құнын төмендетпеу керек. 2015 жылы осындай жағдай орын алғанда, операторлар келісімшарттағы бағаны 20 пайызға төмендетіп жіберген. Сол кезде бірталай компания банкрот болған еді.

Екіншіден, келісімшарттардың барлығы теңгемен бекітілген. Қаржы нарығында жүріп жатқан инфляциялық жағдайды өздеріңіз білесіздер. Бұл келісімшарттардың құнсыздануына әкелу мүмкін. Сондықтан, инфляцияға байланысты келісімшарттарды өзектендіріп отыру керек.

Үшіншіден, мұнай өндіруші компаниялар мұндай қиын жағдайда салықтық жеңілдіктер алады. Бұл жеңілдіктерді инвестциялық міндеттерін тоқтатпайтын операторларға ғана беру керек. Олар құрылыс және бұрғылау жұмыстарын тоқтатпауға міндеттеме алуы керек және соған бізді сендіруі керек. Сол кезде отандық компаниялар жұмыссыз қалмайды.

Төртіншіден. Үкіметке жаңа жобаларды іске қосу жұмысын жылдамдату керек. Мысалы, Қарашығанақ кен қойнауын кеңейту сияқты. Бұл 4 млрд долларлық жоба.

Бесінші, отандық компанияларға өзінің қызметін экспорттауға көмектесу керек.
Алтыншы, 100 млн долларға дейінгі келісімшарттардың барлығын Қазақстан компанияларына беру керек. Қазақстан компаниялары өсіп жетілді. Ал бұдан үлкен жобаларды біріккен кәсіпорындарға 50/50 етіп бөліп   беру керек. Біздің ойымызша, осындай нақты шараларды қолға алсақ, экономикамыздың әлсіреуіне жол бермеуге болады», - дейді Рашид Жақсылықов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Источник: https://azattyq-ruhy.kz/economy/5732-tsho-zhobasyndagy-5000-ga-zhuyk-adam-zhazda-zhumyssyz-kaluy-mumkin

Вернуться к списку