СМИ о нас

Бірер күн бұрын Түркістан облысының Бәйдібек ауда­нынан мұнай табылды деген ақпарат шықты. Геологтар тау­лы өңірде түрлі-түсті металл іздеп жүріп, аяқ астынан «қа­ра алтынның» үстінен түс­кен. Бұрғылау кезінде 300 метр те­рең­діктен қоңырқай қа­быр­шақтар бөлініп шыққан. Енді шенеуніктер Сырдария, Шу-Сарысу ойпаттарын бар­лауды жалғастырамыз деп отыр.

Сонымен, Қазақстанның оң­түстік өңірі тағы бір мұнайлы өл­кеге айнала ма? Біз Қаратаудың «қа­ра алтынын» нарыққа шығара­мыз дегенше әлем баламалы энер­гия көздеріне көшіп кетпей ме? Оны игеруге қанша қаржы қажет? Осы тақылеттес сауалдарға қал-қадарымызша жауап іздеп көрдік.

Экология, геология және та­биғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешовтің сөзінше, бұл жаңалық зор мүмкіндікке жол ашады.

– Күтпеген жағдайда 39 ұңғы­ның арасынан 11-інен мұнай кө­ріністері көзімізге жетті. Бірақ мұ­най шұңғымадан сарқырап аға жө­нелді деуге болмайды. Сол се­бепті табылған мұнай қорының мөл­шері әлі белгісіз. «Қара алтын» табыл­ған аймақ толық зерттелген соң ғана мұнайдың көлемі анық­та­лады. Барлау жұмыстарын жүр­гі­зуіміз керек. Бұл – жақсы жаңа­лық! – деді.

Расында да, оңтүстікте мұнай өндірілсе, жаңа жұмыс орындары ашылар еді, облысқа орасан ин­вестиция құйылып, аймақ гүл­денер еді.

Алайда кейбір сарапшылар оған күмәнмен қарайды. Атақты кен инженері Меңдеш Салықовтың пікірінше, бұл жаңалық жаппай талқылап, алаулатып-жалаулатып жариялауға татымайды.

– Кішкентай белгілері ғана анық­талды ғой. Алып «фонтан» ат­қыласа, бір сәрі. Тек ізі мен иісі бар. Үлкен қор ашылған жоқ. Сапасы да беймәлім. Талдау нә­тижесі шыққан жоқ. Оны барлауға, тексеруге 10 млн доллар қаражат құю керек. Мемлекет қолға алады деп айта алмаймын. Он екіде бір нұсқасы жоқ кен орнына инвестор бар­майды, қазақтың байлары да мұ­найға ақша салмайды. Өйт­­кені тау­дай тәуекелге бел буа­­сың. Мар­дымды ештеңе тап­пасаң, 10 млн доллардан бір-ақ сәтте айырыласың. Сондықтан қал­тасында миллионы бар кәсіпкер ондаймен айналыспайды. «Қайда кетпеген 10 миллион?» деп мил­лиардерлер салуы мүмкін. Анық айту қиын, – дейді ардагер мұ­найшы.

Мұнай қорын толық өндіруге арысы 10 жыл, берісі 4-5 жыл кетуі мүмкін. Ұзақмерзімді мүдде тұрғысынан қарасақ, онша көп уақыт емес. Сол себепті Қазақстан мұнай-сервис компаниялары ода­ғының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов жаңа табылған кен орнына үлкен үміт артады.

– Соңғы 25-30 жылда гео­ло­гия саласы қатты ақсап қал­ды. Бүгінге дейін Кеңес Ода­ғы кезінде зерттелген кен орын­дарын игерумен ғана келе жатыр­мыз. Бірақ егемендік жылдары өзі­міз нақты ашқан кен орны болма­ды. Мынау – біріншілердің қата­рында. 2016 жылдың қаңтар айын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Лондонға барды. Ұлыбри­та­нияда геология мықты дамы­ға­­нын біл­ген­діктен, сол жақ­тың геолог­та­рын Қазақстанға ша­қырды. Бізде жұмыс істеуге 17-18 компания ниет білдірді. Сондықтан бұл кен орнын геологиялық жан­данудың алғашқы қарлығашы деуіміз керек, – дейді экономист.

Рашид Жақсылықовтың пайым­дауынша Қазақстанның жерас­тындағы мұнайын толық зерттеп, дүниежүзілік қауымдастық алдында дәлелдей алсақ, біз «қара алтын» қоры жөнінен әлемдегі алғашқы бестікке кіреді екенбіз. Яғни, болашақта әртүрлі кен қор­лары ашылуы әбден ықтимал.

– Бірақ мәселе кен орын­да­рының ашылғанында емес. Оны қалай игеретіндігімізде. Тағы да шетелдік инвестор­ларға жүгінеміз бе әлде өз күші­мізді пайдаланып, отандық компа­ния­лардың деңгейін көтеруге ты­ры­самыз ба? Шетелдік компаниялар қазақтың жер қойнауын қалай пайдаланатынын білеміз. Жобаны екі-үш есе қымбаттатып көрсетеді де, біздің шикізатты сорып алады, – дейді сарапшы.

Кезінде Сауд Арабиясының мұнай министрі, шейх Ямани: «Тас ғасыры тастың таусылғанынан аяқталған жоқ. Сол сияқты мұнай дәуірі де өтеді» – депті. 2014 жыл­дан бері мұнайдың арзандауы елімізді есеңгіретіп тастады. Эко­номика дағдарысқа ұшырады, теңге құнсызданып долларға шаққанда бағамы 185-тен 380-ге құлдырады. Ал «қара алтынға» бай Норвегия қазірдің өзінде оның сарқылатынын ескеріп, алдын ала қамданған. Мұнайдан түскен мол қаржы зейнетақы қорына құйылып жатыр, ол ақша кейін жаңа өнеркәсіп саласын дамытуға жұмсалады. Басқа да мұнайға бай елдер Норвегияға қызыға қарайды. Мысалы, Қазақстанда Ұлттық қор бар. Әйтсе де, бір айырмасы, Норвегия қорын күтіп ұстайды, ал біз ақша керек кезде оған ойлан­бастан қол саламыз.

Талқылауға жатпайтын тағы бір ақиқат бар: өркениетті, ба­қуатты елдердің көбі шикізатқа кедей. Ендеше біз неге жерасты байлығымен күнелтуді місе тұта­мыз? Неге тұрпайы шаруашы­лық­тан қол үзіп, ілім-білімге иек артқан ақылды экономикаға ден қоймаймыз?

Дегенмен ел үкіметінің шикі­заттық экономикадан бас тартатын сыңайы байқалмайды. Биыл қыркүйекте өткен KAZENERGY XII Еуразиялық форумында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2023 жылдан бастап мұнай экспорты жыл сайын 10-12 млн тоннаға өсетінін мәлімдеген. 1992 жылы қазақ жерінен 25,8 млн тонна «қара алтын» өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 104 млн тоннаға жетпек.

Рашид Жақсылықов та басым бағытты ары қарай дамытып, мұ­найға сұраныс барда қолайлы сәтті қолдан жібермеуге тиіспіз деп санайды.

– 30-50 жылда мұнайдың құ­ны түспейді. Адамдар әдетпен өмір сүреді ғой. Мұнайдан арзан, мұнайдан тиімді энергия көзін әлем әлі ойлап тапқан жоқ. Tesla сияқты электромобильдер – тәй-тәй басқан жобалар. Жа­райды, автокөлікті ток күшімен жүргізейік. Ал ұшақты қайтіп ұшы­рамыз? Кемені қалай жүз­діреміз? Пойызбен қалай жүк тасимыз? Басқа саланы дамытамыз дегеннің өзінде, экономикамыз мұнайға тәуелді екені айдан анық. Оңтүстіктен мұнай табыл­ғаны қуантады, әрине. Алаң­да­та­тыны, оны кім игереді? Қытай­ларға тапсырса, халық қалай қабыл­дайды? Мәселе сонда, – дейді экономист.

Бір нәрсені білейік: XX ғасыр­дың басында бәзбір пессимистер «Ғылым өз шыңына шығып болды. Бұдан былай дамымайды» деп жорамалдапты. Ал шын мәнінде қалай болғанын уақыт көрсетті. Ғылым эволюциямен емес, револю­циямен жетіледі. Ертең біреу жаңалық ашып, технология бір-ақ күнде қиял ғана болжайтын қиянға шырқауы ғажап емес. Оны да уақыт көрсетсін.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ

Источник: https://aikyn.kz/society/leumit-/12743-ongtuest%D1%96k/

Вернуться к списку