СМИ о нас

Сарапшы мұнай бағасы осы қалыпта сақталса, экспорттық кіріс үш есеге азаятынын айтады

Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов бүгін онлайн-брифинг барысында мұнай бағасы қашан оңалады деген сұраққа жауап берді.

«Өздеріңіз білетіндей, мұнай нарығында үлкен толқыныс жүріп жатыр. Мұнай бағасының тұрақтылығына ықпал ететін ірі тұтынушы - Қытай мемлекеті коронавирус індетіне байланысты мұнайға деген сұранысын айтарлықтай мөлшерде азайтты. Оған қоса, мемлекетаралық әуе қатынасына, суда жүзетін танкерлерге қойылып жатқан шектеулер де әсерін тигізіп жатыр. Енгізіліп жатқан карантинге байланысты автокөлік қозғалысының азаюы мұнай сұранысына сөзсіз кері әсерін тигізіп жатыр», - дейді ол.

Рашид Жақсылықовтың болжамынша, 2020 жылы мұнайға деген сұраныс осы қалпында, яғни төмен мөлшерде сақталуы әбден ықтимал.

«Бұлардан өзге, мұнай өндіруші мемлекеттердің сауда соғысы мұнай нарығындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Жоғарыдағы деректерге сүйене отырып, 2020 жылы мұнайға деген сұраныстың өте төмен болатындығын айтуға болады және де мұнай бағасының жағдайы жақын арада оңалады деп айту өте қиын. Біздің болжамымыз бойынша, мұнай бағасының қазіргі жағдайы шамамен бір-екі жылға созылуы әбден мүмкін», - дейді ол.

Рашид Жақсылықов мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанға қандай ауыртпашылық жүктейтіні айтып берді.

«Қазіргі таңда тек Қазақстанның экономикасы ғана емес, дүниежүзінің экономикасы сын сағатын басынан кешіп отыр. Біздің мемлекет үшін бұл жағдай несімен ауыр болады? Еліміз бюджетінің басым кірісін қамтамасыз етіп отырған мұнай және газ өндіруші мекемелер, олардың бюджетке түсетін түсімдері. Ұлттық қорға құйылатын трансфер 3,4 трлн теңге, сатылған өнімге салынатын салықтан түсетін баждық төлем кірісі – 1 трлн теңге. Егер мұнай бағасы 25 долларға түссе, баждық төлем болмайды. Мұнайға қызмет көрсету саласының бюджетке беріп отырған қаржысы 500 млрд теңгенің үстінде. Мұнай бағасы бүгінгі көрсеткіште болатын болса, экспорттық кіріс үш есеге азаяды. Бюджеттің ішкі айналым тапшылығы 1,2 пайызды құрайды. Өздеріңіз байқап отырғандай, қомақты қаражат ел бюджетіне түспей қалады», - деді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Источник: https://azattyq-ruhy.kz/economy/5728-munai-bagasy-zhakyn-arada-onalady-dep-aitu-kiyn-zhaksylykov
Вернуться к списку